Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Көне аспаптың көрікті үні

Тарихи сананы жаңғыртуда «Ұлы даланың жеті қырының» бірі – дала фольклоры мен музыкасын ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы жоғары.

Аудан орталығындағы балалар өнер мектебінің оқытушылары ұлтымыздың көне аспаптарын заманауи үлгіде жетілдірілген нұсқасына балалардың қызығушылығы артып келетініне қуанады. Мектепте домбыра, сазсырнай, күйсандық, вокал, би өнеріне машықтанушы балалар халық музыкасының тарихи негіздеріне сүйеніп, орындау шеберліктерін шыңдайды. Әсіресе, ұлы даланың көне сарындарының әуені қобыз аспабында ерекше үнге ие.

Скрипка аспабының атасы саналатын қобыздың арғы тегі садақтан шыққаны ғылыми түрде дәлелденген. Жаңа заманға лайықталып, жетілдірілгенге дейін екі ішекті қарапайым түрінде болған. Отызыншы жылдары қазақтың халық аспаптар оркестрінің құрылуына байланысты 3 ішекті прима-қобыз жасалады. Бірақ, бұл жағдайда музыкалық аспап ретіндегі құндылығы төмендігін көрсеткен соң, 1954 жылы шеберлер жаңа 4 ішекті прима-қобыз жасап шығарады.

1986 жылы құрылған мектепте қазіргі таңда 400-ге жуық оқушы музыкалық білім алатын болса, оның 25-і қобыз аспабын таңдаған. Мектепте Ләззәт Қуанышқалиева мен Райхан Қартбаева сынды тәжірибелі мұғалімдер сабақ береді. Мектептің материалдық-техникалық базасы биылғы жылы жаңа 13 қобызға толықтырылып, әр сағаттағы балалардың толыққанды дәріс алуына мүмкіндік берілген.

Қобызды үйрену мен ойнау қиын, жасырын сыры мол, қолына алған адамның еркіне көне қоймайтын күрделі аспап. Сондықтан, бұл аспапты меңгеру музыкалық қабілеті күшті, үлкен дарын иелерінің ғана қолынан келген деседі. Өзіндік ырғағымен жүректі тебірентіп, тыңдаушысына эстетикалық әсер беретін қобыздың үні ұлт мәдениетінде ұрпақтан ұрпаққа дәріптеле бермек.

Л.НҰРБАЕВА.