Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

«Ғажайып қыздар» чемпион атанды

Мақат аудандық мәдениет үйінде елімізде үлкен танымалдыққа ие «Көңілді тапқылар клубының» аудандық ақтық сын бәсекесі өтті.

Бұл күні жыл бойғы КТК ойынында сүрінбей өткен үздік командалар ойын көрсетті. Атап айтсақ, «Ұлы дала актерлары», «Х.Санбаев», «Ғажайып қыздар», «Fire», «Доссор» құрамалары қағытпа әзілдерімен кеш көркін қыздыра білді. Ойын «Сәлемдесу», «Әуенді жамбы ату», «Көрініс» бөлімдерінен тұрды. Топтардың барлығы да берілген тапсырманы өз деңгейінде орындап, бірінен-бірі оза шапты. Сондай-ақ, республикалық «КТА» ойынының биылғы 2018 жылғы чемпионы «Сағыз» құрамасы мен І орын иегері «Жерұйық» құрамасы кештің қонағы қатарында қатысып, командаларға қолдау танытты.

Рахмашев Шыңғыс «Ғажайып қыздар», Жалғас Қабдолов «Ұлы дала актерлары», Тілепбергенов Мақсат «Х.Санбаев», Бексұлтан Аққозиев «Fire», Қуаныш Кеңес «Доссор» құрамаларының әзілкештерімен бірге сахна төрінде өнер көрсетті.

Аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы Әсел Шайзадақызы, «Сағыз» құрамасының мүшелері Жасұлан Сапаров, Қуантқан Нұржанов және «Жерұйық» құрамасының мүшелері Қобылан Ескендір, Шыныбек Рахмаш сайысқа төрелік етіп, үздіктерді анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша «Ғажайып қыздар» чемпион атанса, ІІ орынға «Х.Санбаев» құрамасы, ІІІ орынға «Доссор» құрамасы ие болды. «Үздік ойыншы» номинациясымен «Ғажайып қыздар» құрамасының мүшесі Өткелова Нұршат марапатталды.

Қатысушылардың шалқыған шабыттары жиналған көпшілікке қыстың ғажап кешінде көтеріңкі көңіл-күй сыйлап қана қоймай, тапқырлықтарымен де таң қалдыра білді. Жыл бойы «КТК» ойындарының өтуіне көмегін тигізген «Мырза» фотосалонына және ИП «Дюсеновке» ұйымдастыру алқасы алғыстарын білдірді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.