Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Қылқаламның сыры

Доссор мәдениет үйінде «Ғажайыпқа толы сырлы әлем» атты музей қорындағы танымал қылқалам шеберлерінің туындыларынан жылжымалы көрмесі өтті.

Көрмені ұйымдастырушылар облыстық Шәймерден Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне 25 жыл толуына орай танымал суретшілер шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттап, рухани құндылықты жаңғыртып, аудан тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлауды мақсат етті.

Көрмеге КСРО Суретшілер одағының мүшесі Ш.Сариевтің «Омар Хайям», «Жас қазақ», «Күлпаштың бейнесі», «Ұлы Нұрдәулеттің бейнесі», «Сыйыну», «Немере Мадико», «Биші», «Көрші бейнесі» сынды картон және майлы бояудан салынған кескіндемелік және графикалық туындылары қойылды. Сонымен қатар, ҚР Суретшілер Одағының мүшелері О.Кендір, Ә.Жантасов, М.Давлетьяров, Э.Жұмабаева сынды қылқалам шеберлерінің туындылары да көрермен назарына ұсынылды.

Музей қызметкерлері әр туындының сырын ашып, келушілерге таныстырып өтті. Ғажайыпқа толы сырлы әлемнің сиқырлы бояу үндестігімен көрерменді өзіне баураған тамаша суреттер кент тұрғындарының көңілінен шықты. Шара барысында Ш.Сариевтің 80 жылдығына арналған «Қиялын құм тербеген суреткер» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ, көрмені тамашалаушыларға Мұқатов Табылды және Әбдірашит Сыдыхановтың туындылары жинақталған кітапша және кент мектептерінің кітапханаларына «Шаймардан шұғыласы» атты кітап табыс етілді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.