Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Жаңа аспап шабытты шалқытты

Мақат балалар өнер мектебі – тәрбие ошағы.

Мектеп өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды үйретуді мақсат тұтады. Мұнда 10 түрлі үйірме бойынша қызмет көрсетеді. Биылғы жыл өнер мектебі үшін қуанышы мол сәтті жыл болды. Себебі, көпткен күткен жаңа аспаптармен толығып, оқушылар да ұстазда да бір марқайып қалды.

Дәлірек тоқталсақ, Мақат балалар өнер мектебіне және Рысбай Ғабдиев атындағы Доссор балалар өнер мектебіне Германиядан «RitmiiLLer» пианиносының төртеуі, Ресейдің екі түрлі «Тульская гармонь» сырнайы аспабы, Алматы консерваториясының шеберханасында дайындалған прима-қобыздың 6 данасы, домбыраның әр түрінен бас домбыра 2, балаларға арналған домбыра 10 данадан, домбыра-10, концерттік домбыраның 2 данасы, прима домбыра -3, шертер домбыраның 4 данасы келді. Сондай-ақ, өнер мектебіне қылқобыз -1 дана, пьюпитрдің 30 данасы және аспаптардың сыртқы қораптары келіп, мамандарды қуанышқа кенелтіп тастады.

Аталған жаңа аспаптарын жарқырата іске қосқан аталмыш өнер ордасы Тәуелсіздік мерекесіне орай өткізілген салтанатты жиында жаңа топпен мақат балалар оркестрін толықтырып, халық алдында өнерлерін паш етті. Оркестрдің дирижері әрі өнер мектебінің басшысы Дәулеткерей Мәулекенов:

- Жаңа аспап шабытты шалқытып, болашаққа сеніммен қарауға шақырады. Жалпы, балалар оркестрі бұрыннан өнерлерін көрсетіп жүр. Тек құрамы жыл сайын өзгертіліп отырады. Оркестрде 30 бала өнер көрсетеді. Репертуарда қазақ классикасы, Ресей, шетелдің 50-ге жуық шығармасы бар. Қазіргі таңда оркестрдің құрамын екі есе көбейту жоспарда бар. Алдағы уақытта оркестрге демеушілікпен ұлттық киім тіктіру де ойымыз жоқ емес, - дейді.

Оркестр облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

А.МАСАТҚЫЗЫ.

Сурет автордікі.