Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Көрерменге ой салған қойылым

Өткен аптада аудандық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Халық театры» шығармашылық тобы жазушы-драматург Ж.Ерғалиевтің «Жан шырылы» драмасын сахналап, аудан халқының назарына ұсынды.

Драмада қазіргі қоғамды қан қақсатқан жат дін өкілдерінің азғыруымен от басқан жанұя туралы баяндалады. Драма қарапайым қазақ отбасы туралы. Асқар мен Гүлнұр атасы мен әжесінің қолында өсіп жатқан қыздарына бір жылдан астам уақыттан бері бармайды. Бұған олардың теріс діни ағымды ұстанатыны себеп болады. Бауыр еті – баласын әлпештеген ата-ананың көңіліне түскен қаяу, шынайы жиһадтың жайын «қарулы жиһадпен» алмастырып, ақыр аяғында қыр асып, лаңкестердің оқпанына түскен сәтте опық жеген жастардың тәубеге келуі «Жан шырылында» шынайы көрініс тапты.

Осы орайда, орындалған аталмыш «Жан шырылы» қойылымы – бейбіт діннің шырқын бұзып, сонау ғасырлар бойына қазақ топырағына сіңіп, тамырын жайған исламды бөле-жара ұстанып, тоңтеріс бағытқа бет бұрып, жат ағымға ілескен кей жастардың райынан қайтып, өмірлік өлшем ұғымын шынайы түсінуіне жол ашуды көздеді. Шығарманың өне бойында арбасу мен адасу, үміт пен өкініш, күдік пен сенім тайталасып жатыр. Әуел баста әлде жастық, әлде білімнің таяздығы арбағанның жетегінде кете беру Гүлнұрды да, Асқарды да жарға жықты. Өздері ғана емес, он екіде бір гүлі ашылмаған Жанарды да жалмап кетті. Сүттей ұйыған Кәрім аға мен Рәзия шешейдің де шаңырағы шайқалды. Қаншама қайғы-қасірет. Көріп отырған қаншама көрерменнің жанарына жас шыланды. Ақыр соңында жарынан айырылған ана тобынан айырылған қараша қаздай ұясына қона алмай, тұрақ мекені жындыхана болып қалған Гүлнұр қызымен жолықты.

Санаға салмақ салатын, жүрекке күш түсіретін зілбатпан ауыр көрініс еді. Адасудың соңы дәл осындай тығырыққа әкеліп тірейтіндігін меңзейді зілмауыр драма. Ең бастысы, көрермен керемет тағылым алды, айтып жеткізгісіз әсерге бөленді. Жаңағы бейбақтарға жаны ашыған қаншама жұрт ауыр ойдың салмағымен жаншылып, ет жүректері езілді, елжіреді. Шығарманың шырқау шегі ананың ақ ниеттей желбіреген, ақ сүтіндей мөлдіреген ақ орамалы болды. Тұла бойын тұмшалаған қара киім, қара ниет ысырылып, ақ орамалдың тартылуы жамандықты жақсылықтың жеңгеніндей ишара. Адасса да, оңбай опық жесе де, есі кіресілі-шығысылы қалпында ана құшағын аңсаған Гүлнұрдың тағдырына жаны ашымаған жан жоқ шығар. Драма азаматтарды бейбітшілікті, отанымызды және отбасымызды бағалауға, сондай-ақ, басты кейіпкерлердің қателігін қайталамауға шақырды.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Сурет автордікі.