Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Жастар театры «Жан пида» қойылымын ұсынды

Атырау жастар театры іссапармен Доссорда болып, мәдениет үйінде көпшілік назарына жаңа қойылымдарын ұсынды.

Бұл – аты аңызға айналған заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың атақты «Жан пида» романының желісі бойынша жазылған драмалық спектаклі болатын. Қойылымның сахналық нұсқасының авторы әрі қоюшы режиссері Мұханғали Томанов, суретшісі Бақытгүл Әділғалиева, биін қоюшы Анар Есенғалиева, көркемдік жетекшісі Гүлнұр Қайырлиева.

Қойылым жастарды нашақорлыққа қарсы күреске үндеу, есірткіге тәуелділіктің алдын алу және қоғам дертіне айналған нашақорлықтың айықпас азабын кейіпкерлер арқылы түсіндіруді мақсат етті. Адамзаттың Айтматовы атанған жазушының бұл шығармасында адам баласының асыл қасиеттерінің жоғалуы суреттеледі. Нашақор деген айықпас дерттің құрбаны боп, көз алдымызда хайуанға айналып бара жатқан жандардың жан азабы бейнеленеді. Ащы су мен есірткі үшін табиғат ананың бір бөлшегі кішкентай бөріні қолды еткен Базарбайдың ессіз әрекетінен басталатын адамдар мен бөрілер арасындағы шайқасты көрсетеді. Аталмыш туындыны талантты да, өнерлі жастардан құралған театр ұжымы көрермен қауымға шебер жеткізді. Қасқырлар әлемімен салыстыра отырып, өшпес адами құндылықтарды дәріптейтін қойылымның тақырыбы қоғамдағы өзекті мәселелерді, жастардың келеңсіз пәледен ада болуын, әділетсіздікпен қандай да бір атқарған қарекеттің соңы жақсылыққа алып келмейтінін аз ғана уақытта жеткізе білді.

Көрерменін терең ойға қалдырған қойылымның бүгінгі ұрпаққа берер ғибраты мол болды. Болашағынан үміт күттірер жас әртістердің шеберлігіне қалың көрермен орнынан тұрып, қол соғып, қошемет білдірді. Қойылым соңынан кейін рухани кеш сыйлаған театр ұжымына ауыл ақсақалдары ақ батасын жаудырды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.