Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Ұлтын ойлаған рухты ұл тәрбиелейді

«Ұлтыңды ойласаң – рухты ұл тәрбиеле». Осы тақырыппен аудандық білім беру бөлімі Қазақстанда балалар мен жастардың тәрбиесі ісінде ер азаматтардың белсенділігін жоғарлату, ұл бала тәрбиесіне назар аудару, әкелер мәртебесін нығайтуды насихаттау мақсатында облыстық семинар-байқау өткізді.

Бұл семинар-байқауда ұлдар тәрбиесі бағытындағы жұмыстарға басымдық берілді. Шараға облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинетінің қосымша білім беру және тәрбие жұмыстары бөлімінің бөлім басшысы Зина Изтелеуова, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Алмабек Абдолов және білім беру бөлімінің әдіскерлері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сонымен қатар, әкелер қоғамының мүшелері, ішкі істер бөлімінің инспекторлары, жоғары сынып оқушылары ата-аналарымен қатысты.

Шараны З.Изтелеуова ашып, жобаның мақсаты мен маңыздылығына тоқталып, сәйкесті түсінік берсе, аудандық білім беру бөлімінің бөлім басшысы Алмабек Дүйсенбайұлы шараға атсалысқан қатысушыларға сәттілік тілеп, алғысын білдірді.

Шара барысында Ер баланың тәрбиесін неден бастауымыз керек? сынды сауалдар төңірегінде «Ұл тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында тренинг арқылы ой қозғап, әке мен бала арасында пікірталастар арқылы толғандыратын тақырыптарға сәйкес ой өрбітіп, түрлі жағдаятты мәселелердің түйінін шешуге бірлесе атсалысты.

«Телефон болғым келмейді!», «Адасқан жігіт» тақырыптарында жас жеткіншекке ой салар көрініс көрсетіп, оқушылар көрермендер ықыласына бөленді. «Ата көрген оқ жонар» тақырыбында ұл балалар арасында топтық жұмыстар, саптық дайындықтардан көріністер көрсетіліп, оқушылардың орындауындағы музыкалық композициялармен аяқталды.

Зина Керейқызы семинарды қорытындылап, ұлт болашағына бүгіннен жол бас-тап, отбасы құндылықтарын дәріптеудегі қызметі мен Әкелер мектебінің жұмысына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.