Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Оза шауып, бәйге алды

Алматы қаласында өткен XV республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль-байқауында аудан өнерпаздары топ жарды.

«Ақ көгершін» – балалар қоры жас жеткіншектердің өнердегі қарым-қабілетін жетілдіру, ұлттық мәдениетке баулу, жаңа есімдерді ашу мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі дода. Еліміздің барлық өңірінен 5-17 жас аралығындағы оқушылар вокал, халықтық аспапта орындау, би, сән өнері, көркемсөз оқу сынды аталымдар бойынша сынға түседі. Аталмыш сайысқа Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінің оқушылары қатысып, орындаушы шеберлер арасынан өздерінің өнерге деген ерекше талабымен көпшіліктің қошеметіне бөленіп, әділ қазылардың жоғары бағасын алды. Фестиваль қортындысында аспапта орындаудан "Шалқыма" ансамблі бас жүлдені жеңіп алды. Вокал номинациясы бойынша ән орындау шеберлігі жоғары бағаланған Мергенова Дарина ІІ орын, Бітжан Нәзік ІІІ орынмен үздік шықса, Мақсот Әнел алдына жан салмай, І дәрежелі дипломант атанды. Шәкірттерінің бұл жеңісі мен жетістігіне қуанған Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінің ұжымы және ата-аналар қарашаның 6-сы күні Доссор теміржол вокзалынан жерлестерімізді шашу шашып, құшақ жая күтіп алды. Жеңістің қуанышын бөліскен мектеп ұжымы жиын жасап, құттықтап, оларды өнерге баулып жүрген жетекшілері Дюсенғалиева Айгүл және Биманова Алтынайдың еңбегін бағалап, сый-құрмет көрсетті.

Байқау жеңімпаздары «Шалқыма» фольклорлық ансамблі Астана қаласында наурыз айында өтетін «Ақ көгершіннің» халықаралық кезеңіне қатысатын болады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.