Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Әдемі қыздардың әзілі де әдемі

Аудандық мәдениет үйі жанындағы би үйірмесіне қатысушы қыздардың арасында алғаш рет «Астана – Тәуелсіздік перзенті» атты көңілді тапқырлар алаңы ойыны өткізілді.

Ойы жүйрік, табан асты тапқыр, қалжыңы қалтасында жүретін қыздардан құралған 5 команда сынға түсіп, сұрақ-жауап, командалар сайысы, еркін тақырыпта үй тапсырмасы кезеңдері бойынша өз өнерлерін көрсетті. Болашағы бүгіннен бастаған ауданның көңілді жастары бас қосқан ойында сахна мәдениеті мен шеберлігі, ән мен би, сөйлеу мәнері, ой ұшқырлығы, мимика сияқты түрлі жанрларды қамтып, ойыншылар әжуа әзілдері арқылы көп нәрсеге ой салды. Жас әзілкештер көрермендерге өздерінің ең үздік әзілдерін ұсынды. Олардың көрсеткен өнерінен көрерменнің жүрегіне жол тауып, залда отырған көпшілікті өздерінің қызықты әңгімелерімен баурап алды.

Сайыста қатысушыларға қазылар әзілдің ерекшелігіне, тақырыпқа сәйкестілігіне, эмоцияларға мән бере отырып, әділ бағаларын берді. Ойын қорытындысында, «Томпи» және «Зың-зың girls» командалары алғыс хатпен, «Билайн» командасы 3-ші орынмен, «Таң қалмаңыз» командасы 2-ші орынмен марапатталды. Сахна төріне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Ермеков көтеріліп, ойын жеңімпаздары «Ерекшелер» командасын кубок пен дипломмен марапаттады. Ал өзінің жан-жақты қабілеттілігін таныта білген Адина Рахимова «Ең үздік ойыншы» номинациясымен марапатталды. Ойын өз дәрежесінде өтіп, көрермен көңілінен шықты.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Сурет автордікі.