Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Бар бала білім алуға құқылы

Соңғы кезде әлемде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны жыл сайын артуда. Қазақстан да мұны назардан тыс қалдырған жоқ.

Мемлекетіміз балалардың дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау және оларға ерте оңалту шараларын жүргізуді алға тартып отыр. Ал, білім жүйесі балалардың бұл категориясын жалпыға бірдей балабақшаға, мектептерге, кәсіби лицейлерге және жоғары оқу орындарына мүмкіндігінше қосу керек.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар туралы заң 2002 жылы қабылданды. Ол әлеуметтiк, медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдаудың нысандары мен әдiстерiн айқындайды, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетудiң тиiмдi жүйесiн жасауға, оларды тәрбиелеу, оқыту, еңбекке және кәсiби даярлау iсiмен байланысты проблемаларды шешуге, балалар мүгедектiгiнiң алдын алуға бағытталған. Сондай-ақ, еліміз 2008 жылы БҰҰ-ның «Мүгедектердің құқықтары туралы» Конвенциясына қол қойып, барлық мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасауға міндеттенген.

Қазірде ерекше білім беруді қажет ететін балаларға ерте бастан білім беру мәселесіне айрықша мән берілген. Облыстық Білім беру басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы негізінде «Жас қоғам» жастар бастамаларын дамыту қорының ұйымдастыруымен «Жалпы білім беретін мектептердегі ерекше білімді қажет ететін балаларды тьюторлық сүйемелдеу» мен «Жетім балалар мен ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған балалардың отбасы құрылымын дамыту мақсатында ата-аналарға және жайсыз отбасыларға психологиялық-құқықтық көмек көрсету» жобалары аясында өткен аптада Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев атындағы орта мектебі базасында семинар-тренинг өткізілді.

Семинар екі бағытты қатар қамтыды. Атырау облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңесінің әдіскерлері Гүлжанар Кубиева, Саягүл Қуанышқалиева және педагог-психолог Ғайни Сұлтанова көтерілген мәселелерді толыққанды қамтыды. Инклюзивті білім берудің мақсаты мен бағыты айқындалып, ҚР Білім беру заңында инклюзивті білім беру жөніндегі актілермен танысқан семинарға қатысушылар нормативті-әдістемелік құралдармен қаруланды.

Көбінесе дамуында ерекшелігі бар сәби дүниеге келген отбасы өз проблемасымен жеке қалып қояды, әрі қарай сәбиді қалай өсіріп, не істерін білмей қалады. Ал біздің еліміздегі ерекше бала және оның отбасы кәсіби түзету көмегін мекенжайы бойынша ала алатындай болып жұмыс істейтін арнайы ұйымдардың саны, өкінішке қарай, жеткіліксіз.

Дегенмен, алғашқы бастамалар өз нәтижесін беруде. Мақат және Доссор кенттеріндегі жергілікті әкімдік және білім беру бөлімі қолдауымен ашылған психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттеріне мейлінше, балалармен тығыз қарым-қатынас орнатуға жұмыстануда. Өткен жылы ғана орталық аурухана ғимаратынан ашылған күндізгі болу кабинеттері де қызмет етіп тұр.

Балалар кабинеттерде өзіне қажетті курсты қабылдап, психологиялық-педагогикалық түзеу көмегін алады. Мұнда ерекше білім беруді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балалардың диагностикасына қарай отырып, көмек ұсынылады. Кейде бір бала бірнеше курсқа барады. Бір курсты бірнеше рет қайталап өтуі мүмкін. Аталған кабинеттерде дефектолог, сурдопедагог, қазақ және орыс тілдерінде логопед мамандар жұмыс істейді. Монтессори және психологтың кабинеттері бар.

Есту қабілеті бұзылған бала үшін дыбыстың өзін қайталау оңай емес. Келгенде бір дыбыс шығармайтын бала, кетерде қиын әріптерге дейін айтып үйренеді. Бала келген кездегі диагностикасы мен курс аяқталғаннан кейінгі диагностикасының арасында үлкен айырмашылық болады.

Семинарда «Тьютор деген кім?» Оның атқаратын қызметі, міндеттері мен мақсаттары. Қандай балаларға тьютордың көмегі қажет? деген сауалдарға леторлармен жауап іздеген педагогтарға жетім балаларға қөрсетілетін әлеуметтік және психологиялық қолдау шаралары. Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға психологиялық, заңдық қолдау көрсету жайы, жайсыз отбасылармен жұмыс, балалардың құқығын білу,бала асырап алу, қамқоршылық, патронат туралы ақпараттар берілді. Қатысушылардың ой-пікірлері мен сауалдары, ұсыныстары тыңдалды.

Г.САЛИКОВА.