Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

«English for Jastar» жобасын жақсы қабылдады

Оқушылардың ағылшын тілі деңгейін арттыру мақсатында «Жас Отан» ЖҚ және «Болашақ» Қауымдастығы биылғы жылдың тамыз айында «English for Jastar» атты жобасын іске қосты.

Жоба мақсаты – ауыл жастарының ағылшын тілін тегін оқуына жағдай жасау, ағылшын тілін үйренуіне жан-жақты қолдаулар көрсету. «Нұр Отан» партиясы және «Жас Отан» ЖҚ-ы қолдауымен басталған жаңа бастаманың игілігін алғашқылардың бірі болып ауданда С.Шарипов мектеп-интернатының оқушылары байқап көрді.

«English for Jastar» партиялық жобасы 2 айға есептелген. 20 қыркүйекте басталған бұл жоба 20 қарашаға дейін жалғасатын болады. Осы аралықта ауыл оқушылары ағылшын тілінде сөйлеу машығын дамытады. Еріктілер Шаймарданова Мөлдір және Сапарова Азиза ауданда жұмыс жасауға ниет білдіріп, оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылықтарын арттыруда. Қазіргі таңда, 76 балаға дәріс оқылуда.

9,10 және 11 сыныптардан құралған оқушылар сөйлеу деңгейлері бойынша екі топқа бөлінген. Оқыту барысы «English club», айс-брейкинг, дебат және басқа да әдіс-тәсілдермен жүргізіледі. «Ауыл жастары белсенді түрде қатысып, сабаққа күнделікті келіп жүр. Студент болсақ та, бізге осындай үлкен тәжірибе берген, аталмыш жобаға өз алғысымызды білдіреміз», - дейді ерікті Мөлдір Шаймарданова. Ауданға келген еріктілерге барлық жағдай жасалған. Олардың баспана, тамақтану, тасымал мәселесі де толықтай шешілген.

Қазіргі таңда, көпшілік ұл-қызының ағылшын тілін меңгеруін қажет деп санайды. Себебі, жеті жұрттың тілін білуді әуелден мақсат еткендерге болашақтың есігі айқара ашық. Бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетіндер өз елінде де, шетте де бәсекеге қабілетті жанға айналады. Осыны ескерген ауыл жастары өздеріне берілген мүмкіндікті жете пайдаланып, бос уақыттарын осы жобада өткізуді дағдыға айналдырған. Қосымша дәріс алуға мүмкіндік берген жобаны ауыл жастары қуана қуаттауда.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Суреттер автордікі.