Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Келіні жақсының керегесі алтын

Қазақ әуелден «Келіні жақсының - керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас жанның тәрбиесі мен көрген-түйгеніне мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ. Оған ауданда өткен келіндердің сайысы тағы бір рет дәлел болды.

8 наурыз күні мерекеге орай Мақат аудандық мәдениет үйінде «Әлди, әлди, бөпем-ай» атты бесік жырын айтушылар байқауы өтті. Жас-тар жылы аясында ұйымдастырылып отырған жас келіндер арасындағы байқауда ұлттық құндылықтарымыздың бірі саналатын бесік қай уақытта болмасын маңызының жоғарылығын дәріптеді. Баланың дене бітімінің дұрыс қалыптасуы, тазалық, тәрбиенің бастауы болар бесіктің пайдасы мен киесін жырға қосқан ән – дәстүр жалғастығы. Бесік жырын жатқа айтқан келіндер қазақы болмысы мен дәстүрге деген құрметін көрсетті.

Сайыста 6 үміткер, 5 кезең бойынша сыңға түсті. Қатысушылар байқау шарттары бойынша алдымен отбасын таныстырып өтті. Бұдан соң өнер бәйгесімен қоса, салт-дәстүр мен ырым-­тыйымдарға байланысты сұрақтарға тұшымды жауаптарын берді. Сәбиді бесікке бөлеудің қыр-сыры түсіндіріліп, бесік жыры шырқалды. «Әлди, әлди ақ бөпем, ақ бесікке жат, бөпем» деп жырлаған келіндер бірінен-бірі асып түсіп жатты. Кейін, бесаспап қазақ келіндері ұлттық тағамдардың түр-түрін әзірлеп, дастарқанды жайнатты. Көпшілікке ұмыт бола бастаған қазақы ас-судың жасалу жолдарын көрсетті. Қатысушылар қызметте шәкірт тәрбиелеген ұстаздың бірі болса, өмірде бір әулеттің келіні болып жүрген ұстаздар қазақ келініне тән құндылықтарды құрметтеп, инабаттылық пен ибалылықты, іскерлік пен ептілікті дәріптеді.

Сайыс қорытындысы бойынша Бәйгетөбе мектеп бөбекжай кешенінің ағылшын пәнінің мұғалімі Ақбөбек Сермұханова бас жүлдеге ие болды. Х.Санбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Дана Қыдырғалиева І орын, «Болашақ» бөбекжай балабақшасының ағылшын пәнінің мұғалімі Арухан Құмарғали ІІ орынды жеңіп алса, А.Құнанбаев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Данагүл Жанетова ІІІ орынды қанжығасына байлап, көрермен ықыласына бөленді. Аудандық экономика және қаржы бөлімінің хатшысы Ләззат Айтжанова және Р.Ғабдиев атындағы өнер мектебінің сурет мұғалімі Дина Сейтжанова алғыс хатқа ие болды. Қатысушылар арнайы мадақтамалармен марпатталып, сый-сияпаттар табысталды.

М.ІЗТҰРҒАНОВА,

Суреттер автордікі.