Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Сортаң жерде өскен саябақ сақталмады

Қара алтынмен мақтанатын Доссор өлкесінде бір кездері керемет саябақ бар еді.

Бұл мұнайшылардың күйіп тұрған күн астында, аптап ыстықта өткен жұмыс күнінен кейін жаны да, тәні де сая табатын мәдени-демалыс бағы болатын. Ол сол кездері еңбек адамына деген шынайы қамқорлық еді. Түйе жейтін жантақ та өспейтін, тұзды батпақ арасында, яғни сортаң жерде алып бақты қолдан жасаған ленинградтық жас бағбан Елена Федоровна Серова еді.

Жазушы С.Виноградскаяның 1957 жылы шыққан «Ақ қала» деп аталатын кітабындағы басты кейіпкер, саябақтың қазығын қаққан Елена Серованың сөзін келтіріп көрейікші: «...Ілкіде менің қарамағыма он жұмысшы берілді. Ең алдымен қоршау жасау қажет болды. Неден жасаймыз? Мұнда ағаш атаулы жоқ. Біз кәсіпшілікте бұрғылауға пайдаланатын темір арқанды кәдемізге жараттық. Сонымен болашақ бақ орнады. Содан соң ағаш отырғызатын шұңқырлар қазуға кірістік»,-депті.

Осылайша, 1922 жылы Доссорда алғаш саябақтың жұмыстары басталып, кейіннен ол алып баққа айналады. Тәжірибелі бағбан атанған Елена Федоровна талдардың шөлге төзімді терек, акация, шегіршін, үйіңкі сияқты түрлерін таңдап алады. Отырғызылған көшеттердің дені жидек ағашы болды. Бақты айналдыра жыңғыл отырғызады. Сондай-ақ, қар және жаңбыр суын жібермей, топырақтың ылғалын шақырайған күн көзінен қорғау үшін бақтың ішіне түгелдей биік бидайық егеді. Бақ өсіріле бастаған жылдары Доссорда су жүйелі жіберілмейтін болса керек. Тұрғындар бөшке тиеген арбаға түйе жегіп су таситын болатын. Ал, осындай жерде жасыл желек өсіру үшін үлкен батылдық, әрі зор тәуекел керек еді. Бақ өсіріле бастаған шақта Гурьев-Доссор тар табанды темір жолы іске қосылады. Жазда қазандармен су тасылып, қыста Жайықтан текшеленген мұздар жеткізілетін болған. Оларды кең де терең етіп салынған бұйқыттарда сақтап, кейін ауыз суға пайдаланатын. Осы шақта ауыз суға зәрулік бәсеңсейді, жасыл желекті отырғызып, көшет бой алу үшін оларды ауыстыруға мүмкіндік туа бастайды. Отызыншы жылдардың басында Доссорға келген орыс жазушысы К.Паустовский «мұнда су - баға жетпес қазына» деп жазған екен. Доссорға су құбыры 1935 жылы келді. Жан-жағын тұзды көлдер, сорлар қоршаған, жаздыгүні сағым басқан мұнайшылар поселкесіндегі жасыл бақ үлкендер үшін де, жастар үшін де бірден бір қуаныш көзі болатын.

Қапталына терек пен шегіршін өсірілген аллея. Осы аллеямен қапталдас екі алаң болған. Оны шеңбер деп атаған. Кішілеуін зәулім теректер қоршап тұрған. Жырақана суға толған сәтте, ол бейне шағын тоған сияқтанатын болған. Ал, үлкен шеңбер айналасында тырбық талдар өскен кішігірім қазаншұңқыр пайда болған. Олар көлеңке жасап, тыныштық сақтайтын орын болса керек. Ыссыда адамдар осында бір жиналып, тынығатын болған. Шеңберді айнала үстелдер мен отырғыштар қойылған.

«Бақтың ең көрікті жері жазғы кино алаңы болады. Сол кездегі белгілі актер Игорь Ильинский қатысатын сақау картиналар кештің қызықты өтуіне септігін тигізіп, кей жандардың билет алуға ақшасы жетпесе, киноны дуалдың арасындағы саңылаудан қарауға мүмкіндік тапқан. Киноны ағайынды Брюквиндер жіберетін. Кино алаңында көркемөнерпаздарға арналған боянатын, киінетін орны бар жабық сахна да болушы еді. Мұнда жиналыстар, басқа да мәдени-көпшілік шаралар өткізіліп тұратын. Кинодан кейінгі қызық би болатын. Жастар би алаңына ағылатын. Мұнда жалықпайтын маэстро Василий Алексеев өзінің альті мен баритонының «құлақ күйін» келтіріп жататын. Радиодан да жиі-жиі сазды әуендер жіберілуші еді»,- деп ауыл ақсақалдары сол кездерді сағынышпен еске алады.

Сол кезді еске түсіргендер В.Алексеевтің күш-жігерін таңқалыспен жеткізеді. Ол әрі әнші, әрі сырнайшы болған. Үрмелі оркестірді басқарып, балаларды әншілікке, сурет салуға баулып, қызықты концерттер дайындайтын. Клубтың бүкіл көркем өнерпаздарының ұйытқысы да бола білген екен.

Бақ ішінде оқу залы бар кітапхана, газет-журнал оқитын шағын павильон болды. Салқын су, шайнама, балмұздақ сататын дәмхана мен киоскілер жұмыс жасаған. Сондай-ақ, бақ үлкен спорт алаңына жалғасқан. Мұнда биік әткеншек, турник, бөрене, волейбол алаңы бар еді. Қыста өрт сөндірушілер көмегімен мұз айдыны жасалатын.

Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Елена Федоровна кейіннен Байшонас, Ескене поселкелерін де көгалдандыруға атсалысқан. Ескенеде зәулім шегіршін мен үйіңкі өскен, кең аллеялы тамаша бағын өсірді. Мұнда бір кездері балшықпен емдейтін мұнайшылардың профилакториясы да болған екен. Жерімізді көгалдандыру бағытындағы игілікті ісін Елена Федоровна Ұлы Отан соғысы жылдарында да жалғастырды.

Кейіннен соғыс жылдарында елімізге талай ұлт өкілдері репрессия арқылы елімізге қоныс аударған болатын. Соның ішінде грек ақсақалы бақтың түбінде қоныстанып, өле-өлгенше сол саябаққа қарайласып, баптап өткен екен.

«Бақтың керімсал ауасын, көрмеге сиықсыз да көнбіс, күмістей көз тартқан жидек гүл атқан тұста сезінер едіңіз. Ал, атқан гүлдің орнынан жұп-жұмсақ, әрі керім тәтті қара жемістің шоғырларын көргенде, шыдап тұру қиынға соғатын. Сонымен қатар, гүлзардың едәуір алаңында бейне қызыл кілемше іспеттес боп итмұрын өсетін. Адамдар шарбаққа таяу келіп, табиғат жасампаздығына таң қалып, гүлдің хош иісіне көкірегін кере сіміруші еді»,-деп жүздеген жылдардан соң, кәсіпшілік бағының сәні мен мәнін, көрнектілігін еске алғандар әлі де саябақтың керімсал ауасын дәл сол сезіммен еске алады.

Үлкен кісілер саябақты осылай керемет суреттеп, сағынышпен еске алғанымен, біз ес біліп көреген саябақ мүлде басқа еді. Саябақ ішінде бұрқақтың тостағаны үгітіліп, цемент қиқымдары жататын. Кино үйшігі, жазғы залы, сахна мүлде жоқ болған. Жартылай қураған талдардың арасынан бақтың о шеті мен бұ шеті көрініп тұратын. Жерде түбірі жоқ, тек қу бұтақтар жататын.

Саябақтың бұндай күй кешуіне егемендік алған тоқсаныншы жылдардағы ала-сапыран қиын заман себеп болды деседі. Ол кездері ауылда газ жоқ, көмір тапшы болатын. Ауыл халқы күнкөріс қамымен бақтағы ағаштарды отынға айналдырып, кесе бастаған. Кейін, ағаштар өспей, бақтың сәні кете бастады. Берірек келе, жергілікті әкімдік зерттеу институтынан мамандар шақырып, талдар зерттелді. Қортындысында талдар қартайған, құрт түскен деген шешімге келеді. Кейін, саябақ түгелдей жойылып, орнына мектеп тұрғызылды.

Кезінде бабаларымыз артынан тамаша жасыл бақ қалдырды. Олардың бір шелек суымен бөліскен жасыл бақты сақтай алмағанымыз бізге сын. Ал біз болашақ ұрпаққа сағынышпен еске алардай не қалдырамыз?! Сондай қиыншылақ заманда сорды саябаққа айналдырғанда, қазіргі дамыған заманда одан да жақсы дүниелер жасауға болатыны анық. Сонда үлкендерміздің де, жастарымыздың да демалатын сүйікті орны болар еді..

М.ІЗТҰРҒАНОВА.