Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Халық пен билік арасындағы алтын көпір

Мемлекет басшысының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамын орындау мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада Қоғамдық кеңестердің мәртебесі мен өкілеттілігін анықтайтын «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданды.

Осы қоғамдық кеңестер арқылы Қазақстанның кез келген азаматы мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық негізде үн қоса алады. Яғни, мемлекеттік органдардың қандай да бір шешімдерді қабылдауына ықпал етеді.

Ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерді, халықтың мұң-мұқтажын тікелей билік өкілдеріне жеткізуші механизмнің рөлін атқарады.

Негізгі мақсаты - ел арасындағы шешімін таба алмай жүрген тұрғындардың мәселелерін шешу, соған ұсыныс-пікір беру. Экономикалық, әлеуметтік, денсаулық сақтау, білім саласы, құқық қорғау, тазалық, коммуналдық шаруашылық мәселелер және күнделікті тіршілікте болып жатқан мәселелер. Бір сөзбен айтқанда, халықтың тұрмыстық жағдайын шешуге тікелей араласу. Әр жыл аяқталған соң кез келген қызмет етуші құрылым жылға есеп береді. Мен де осындай себеппен қорытынды есеп жария етемін.

2018 жылы қоғамдық кеңес жоспар бойынша және кезектен тыс 18 отырыс өткізген болатын. Әуелгі отырыста аудан әкімі жылдық есебін берсе, кейін аудандық бюджетіне кірістер мен өзгерістер енгізуге және Мақат, Доссор кенттерінің бюджеттеріне толықтырулар мен өзгеріс ұсыныстары жөнінде қоғамдық кеңесте 7 мәрте қаралып, мақұлданды. Осы бюджет мәселесі бойынша аудан әкімдігі экономика және қаржы бөлімінің басшысы С.Сарбалиева баяндама жасады.

Аудандағы күрделі мәселелердің бірі –тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі. Соған байланысты «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша біршама жұмыстар жасалды. Тұрғындарды жұмысқа орналастыру үшін бірнеше рет жәрмеңкелер өткізілді. Жастарды әртүрлі саладағы мамандыққа дайындыққа жіберіп, мамандық алуына ықпал жасалды. Бұл бағдарлама бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімінің басшысы Г.Т.Өтешова жасалған жұмыстарына түсінік берді. Кезекті қоғамдық кеңестің отырысында ауданның 2017 жылға арналған бюджеттің игерілуі жөнінде қаралды. Сонымен бірге жергілікті полиция қызметінің 2017 жылы атқарған жұмыстарының есебі және алда тұрған міндеттері жөнінде тыңдалып, ұсыныс пікірлер айтылды. Сол отырыста жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен арыз-шағымдардың талаптарының орындалуын да қарап, Мақат, Доссор, Бәйгетөбе ауылдық округтердің әкімдерінің есебі тыңдалды.

Аудандағы білім беру мәселесі кеңесте қаралып, білімнің сапасын көтеру үшін бағдарламалар жасауға және де аудандағы білім беру бөліміне жаңадан бағдарлама жасауға ұсыныс білдірді. Осы мақсатта Л.Шахатов, Х.Санбаев, Б.Қанатбаев мектептерінде ғылыми конференциялар өткізілді. Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдардағы оқытулар мен білім беру сапасы және ата-ана төлем ақысының мөлшерін бекіту туралы талқыланды. 6 жасқа дейінгі білім беру мәселесі де көтерілді.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қылмыс жасады деп танылған адамдарға қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы мүлдем тағайындалмай, негізінен бас бостандығынан айыру жазасына кеңінен тартылып, босатылғандарды оңалту мәселесі ешкімді толғандырмайтыны, нәтижесінде олардың қайта қылмыс жасап, қылмыскерлердің санын толықтырып отырғаны айтылған болатын.

Бас бостандығын шектеу жазасынан сотталғандарды қоғамдық жұмысқа тарту, еңбектеріне қолдау жасау жөніндегі мәселені қараған кезде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында азаматтарды көтермелеу, оларға әртүрлі ақшалай сыйлықтармен марапаттау секілді ұсыныстар берілді.

Жастар – келешегіміз. Кеңес жастар мәселесіне бей-жай қарамай, ұсыныс ескертпелерін білдірген мүшелеріміз жастар тәрбиесіне жауапкершілік, мектеп жасындағы балалардың тәрбиесі жөнінде қарады.

Ветеринария бөлімінің жұмысына мән беріліп, кенттердегі бұралқы иттерді жою мәселесі талқыланды. Жалпы, Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Сақтайұлының қатысуымен 5 мәрте селекторлық жиналыстар өткізілді. Бұл отырыстардың бәрінде де уақыт талабына байланысты мәселелер қаралды. Олар: пәтерлерді жалға беру, почта жұмысы, мемлекеттік емес ұжымдардың жұмысы жөнінде, жастар мәселесі, балық шаруашылық және басқа да мәселелерді талқылады. Және оған осы мәселелер бойынша жауапты азаматтарға кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар берілді.

2018 жылы қыркүйекте қоғамдық кеңестің 1-ші съезі өтті. Аталмыш съезд Қазақстан бойынша бірінші рет Атырау облысында өтілді. Съезге облыс, қала, аудандардың қоғамдық кеңес төрағалары мен мүшелері қатысты. Съезд жұмысын мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенті Атырау облыс бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов пен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов басқарып, көптеген мәселелер көтерілді. Анықтамалар берілді. Осы съезде Қоғамдық кеңес жемқорлыққа қарсы жұмыстар, басқа да қоғамдағы келеңсіз жағдайларды талқылап, ұсыныстар берді.

Қоғамдық кеңес–өзекті мәселені қозғау, оның оң шешімін табуға жұмыстанушы алаң. Өткен жылдың өзінде бірнеше мәселе көтеріліп, оған жанашыр көзқарас танытқан қоғам мүшелерін атап өтсем, олар: Есенжан Төлешқалиев, Сансызбай Әбілдиев, Ахметжан Жұмағалиев т.б. секілді азаматтар.

Сонымен қатар, ағымдағы 2018 жылы қоғамдық кеңестің мүшелері Мақат кентіндегі «Жеңіс саябағын», вокзал маңындағы «Туған жер» саябағын және де Мақат, Доссор ішаралық жолаушылар тасымалдайтын автобустардың ашылу рәсіміне олардың жүру маршрутына қатысты ризашылықтарын білдіріп, Мақат аудан тұрғындарының игілігіне жұмыс жасауына ақ жол тілейді.

Қоғамдық кеңестің мүшелері келген жылы да негізгі жұмыс бағытын Елбасының « Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы бағытымен жұмыстар жүргізуге мұрындық бола бермек.

Ерғазы ЖОЛАМАНОВ,

аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы.