Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Тас жолдың құрылысы аяқталуға таяды

Аудан халқы көп жылдан бері титықтатқан жол азабынан таяу арада құтылатын болады.

2018 жылы құрылысы басталған жолдың жұмыстары осы жылдың бірніш жартысында-ақ, пайдалануға берілетін болады.

"Нұрлы Жол" инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша құрылысы басталған республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Ресей шекарасы Астрахан бағытындағы (487-504 км) тас жолға тапсырыс беруші Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті. (тапсырысшының өкілі: "Атыраужоллаборатория" РММ)

Азия Даму Банкі арқылы қаржыланып, құны 3,177 млрд. теңгені құраған жобаның мердігері "АНТ Иншаат Маден Санайи Аноним Ширкети" АҚ-ы.

Жобаның басқару кеңесшісі: "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ы болса, инженерлік қадағалаушы: «Dongsung / Жол Сапа» компаниясы.

Қазіргі таңда, жоба бойынша 2,615 млрд.теңге көлемінде қаражат игерілді. Ұзындығы 15 км болатын уақытша айналма жол құрылысы аяқталды. Негізгі жолдың ескі жол төсемі толықтай алынды. 12 су өтетін құбырдың және 2 мал өтетін құрылымның құрылысы аяқталды. Жолдың үстіңгі қабатын нығыздау және негізгі жолды кеңейту жұмыстары 100% аяқталды. Жоба аясында құмды малтатасты қоспадан тұратын төсеме қабаты мен қиыршық тасты қоспа қабаты толықтай төселді. Сонымен қатар, екі қабат асфальт төсемі, атап айтқанда кеуекті ыстық асфальт-бетон және ірітүйіршікті асфальт-бетон қабатын төсеу толықтай аяқталды.

Осылайша 2018 жылға жоспарланған жұмыстар аяқталып, бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес қысқы кезеңге жолды күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.

Қысқы мерзімге жоба аясында 75 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 30 адам жергілікті тұрғындар. Қазақстанның басқа аумағынан келген мамандарға 150 орындық вахталық қалашық іске қосылып, жұмысшылар 3 уақыт тамақтанумен қамтамасыз етілуде.

2018 жылдың сәуір айынан бастап мердігердің аттестацияланған жол лабораториясы іске қосылып, қазіргі таңда жұмыс жасауда. Қуаттылығы сағатына 160 тонна болатын «Асфальтбетон зауыты» (Украина) іске қосылып, ағымдағы жылдың 23 шілдесінен бастап асфальт өнімі алынды.

Жоба бойынша дайындық жұмыстары 2017 жылдың 20 желтоқсанында басталды, аяқталу мерзімі - 2019 жылдың 20 маусымы.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ.