Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Жеріңнің аты – еліңнің хаты

Кент келбеті – сәулетімен, сән-салтанатымен ғана өлшенбейді.

Ұлттық сипат беретін көше аттарының да маңызы бар. Қазақтың жер-судың аты – халықтың хаты деуі тегін емес. Халқымыз елдігіміздің белгісі ретінде саналатын жер-су атауларына байыппен қараған. Табиғи ерекшеліктері мен өлке өзгешелігін ескеріп, тау-тас, сай-сала, өзен-көлге лайықты атаулар берген. Әрине, көшелерге кез келген адамның аты қойылмайды. Бүгінге дейін белгілі бір тұлғалар, жер-су аттары үшін сараптама жұмыстары жүргізілді. Мораторийге дейін әкесінің, туыстарының есімдерін ұсынған тұрғындардың көп болғаны да ақиқат. Сол сәттерде өз туысының атын қойғысы келетіндер мұны үлкен науқанға айналдырды. Ономастика комиссиясына шағым да, арыз да көп түсті.

Өткен аптада Доссор кенті әкімшілік ғимаратында жергілікті қоғамдастық жиын өтті. Жиынға кент ардагерлері қатысып, кент әкімі Ербол Ермағамбетов төрағалық етті.

Отырыс барысында күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Доссор кенті бойынша қолданыстағы 34 көшені заңдастыру және жаңа 35 көшеге тарихи тұлғалардың есімін беру бойынша Доссор кенті әкімі аппаратының бас маманы Гүлмира Айтекенова баяндама жасады. Талқылау барысында 34 көшеге бұрынғы атауларын қалдырып, 35 жаңа көшеге тарихи тұлғалардың есімін беру ұсынылды. Сондай-ақ, көшелерге кентке еңбегі сіңген азаматтардың есімін беруді ұсынғандарда болды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Доссор кентінің 2019-2021 жылдарға көгалдандыру бағдарламасы туралы сөз қозғалып, Доссор кенті әкімі аппаратының бас маманы Айнұр Шакирбаева тоқталып өтті.

Осы көрсетілген уақыт ішінде кентке 6 мың 45 тал егіледі деп күтілуде. 2019 жылы Ә.Мантаев көшесі, Ш.Еркешев көшесі және Ғ.Сүлейменова көшесіне шырша тұқымдас тал егілетін болса, О.Шаримов көшесіндегі айналма жолды абаттандырып, «Ұлы Жеңіске - 50 жыл» ескерткіш монументі айналасына гүлдер егу жоспарланғанын қаперледі. Ал 2020 жылға Ә.Мантаев көшесінің шығыс бөлімше жағын және Қ.Сейітов, А.Нұрсейітов көшелерінің батыс бөлімшесін абаттандыру және М.Өтемісұлы көшесіне ойын алаңшаларын салу ұсынылды. Кенттегі О.Шәрімов көшесіне 2021 жылы, Теміржол ықшам ауданы, «Үш би» момументалдық ескерткіштің айналасына тал егіп, «Бірлік» ықшам ауданындағы саябақты абаттандыру мәселесі бойынша сөз қозғалды. Сондай-ақ, аудандық жер комиссиясына жергілікті өкіл енгізу туралы жер комиссиясының құрамына жиналысқа қатысушылар Нүркен Унгаровты ұсынды.

Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы, Төлешқалиев Есенжан:

- Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өсіп, өркендеп, жыл сайын жаңа белестерге көтеріліп келеді. Сол себептен тарихи тұлғаларымыздың есте сақтау үшін көшеге есімдерін беру лайық деп есептеймін. Кентімізді абаттандыру және көгалдандыру тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, экологиялық ахуалды жақсартудың маңызды бөлігі. Сонымен қатар көгалдандыру шарасын іске асыруға белсенді азаматтарды, студенттер мен оқушыларды кеңінен тарту керек деген кеңесін берді.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.