Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Қуаныш пен нұрға бөлеген кеш

Кеше Доссор мәдениет үйінде Мақат аудандық орталық мешіті және аудан кәсіпкерлерінің ұйымдастыруымен мәуліт мерекесінің құрметіне рухани кеш өтті.

Исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде пайғамбар өмірінен алар өнеге көп-ақ. Демек, мұсылманның өмірдегі бас­ты мақсаты – пайғамбарымыздың сүннетіне еліктей білуі. Ғибратты кешті арнайы Түркиядан келген «Иманғали» орталық мешітінің ұстазы Хусайын Кая Құран Кәрім оқып ашты. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.) өмір жолынан сыр шертетін мәуліт жырын «Сәтен-Шәмек» мешітінің имамы Батыр Ерсәліұлы шәкірттерімен бірге орындады. Жырға қосылып жиналған жұртшылық Пайғамбарымызға арнап салауат айтты.

Кейін сахна төріне көтерілген Доссор кентінің әкімі Ербол Ермағамбетов көпшілікті мәуліт мерекесімен құттықтады. Алланың берген ақындық қабілетін имандылық пен ізгілікке арнап, илләһи жыр жазып жүрген исатайлық айтыскер ақын Амангелді Панабердиев және Мақат балалар өнер мектебінің «Ақындық өнерге баулу» сыныбының оқушысы Есимова Жадыра арнау өлеңдерін оқыды.

Доссор мәдениет үйінің көркемөнерпаздары тәрбиелік мәні үлкен «Шүкіршілік» қойылымын көрермен назарына ұсынды. Сондай-ақ, кеште Оралдан келген жыршы Оразов Фархат «Имандылыққа насихат» термесін, айтыскер ақын Сағадат Нұрманов «Өмір» термесін орындаса, «ДосАрт» триосы Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.) құрметіне салауат әнін шырқады. Кешті Мақат ауданы орталық мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев қорытындылап, өз сөзінде Мәуліт айымен жұртшылықты құттықтады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын.) ғибратты ғұмырынан сыр шертіп, мұсылмандарды оның көркем мінезінен үлгі алуға шақырды.

Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың сұлтаны, үмметінің ерекше қамқоршысы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) 632 жылы бұл дүниемен қоштасып, мәңгілік мекенге көшті. Алайда, арада қанша ғасыр өтсе де үмметінің Пайғамбарына деген сағынышы артқан үстіне артуда. Кеш соңында тұрғындарға діни тақырыптағы газет-журналдар таратылды. Жиын аяқталған соң көпшілік қауым «Наурыз» мейрамханасында жайылған дастарханнан дәм татты. Шарапатты мәуліт мерекесіне келген кент жұршылығы ерекше әсерге бөленіп, өздерінің толқыныстарын жасыра алмай, көз жастарына ерік берді. Әрі қызу қошемет білдірген көрерменнің ықыласы шексіз болды. Мәуліт айы баршамызға құтты болсын. Лайымда, ынтымағы жарасқан еліміздің татулығы беки түссін. Алла тағала халқымызға амандық, жерiмiзге тек тыныштығын нәсіп етсін.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.