Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Игіліктің ерте-кеші болмайды

Елбасы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету басым бағыттарының бірі болып қала беретінін, тұрғындардың денсаулығы ауыз суға тікелей байланысты болғандықтан, бұл салада тиянақты жұмыстар атқарылуы қажеттігін айтқан болатын.

Осы уақытқа дейін ауыз сумен қамтуда бірқатар мәселелер артта қалғанымен, кейбір мәселелер әлі күнге жетерлік. Оның қызметі тұрғындардың талабын қамтуға қуаты жетпей, тұрғындардың үнемі ренішін туғызатын.

Биыл осындай күрделі мәселенің оң шешімі табылуда. Аудан әкімі Ж.Қарағаевтың және «Атырау Су арнасы» аудандағы өкілі Қ.Төлеуовтың араласуымен кент бойынша кәріз су мәселесі қолға алынды. Нақты жұмыстар атқарылды. Ауданның біраз бөлігінде аула кәріз құдықтары тазаланып, күрделі жөндеуден өткен. Атап айтар болсақ, биылғы жылы аудандық, кент әкімдігінің ауыз су мен кәріз су құдықтары жаңартылды. Сондай-ақ, С.Мұқашев көшесіндегі 80/2 үй, «Әсел» мейрамханасы, «Қазпошта» бөлімшесінің кәріз жүйелері тазаланып, балалар кітапханасының, С.Алиев көшесінде орналасқан 80/8 үйі мен КНС-2-ге дейін орталық кәріз жүйелерінің құдықтары жөндеуден өтті.

Аталған ықшам аудандардың бірінде тұратын кент тұрғыны Қаби Талпақов бұл жөнінде: «Вокзал маңы» шағын ауданына орталық кәріз жүйесіне қосылуға мүмкіндік туды. Бұл мәселе туралы бұдан бірнеше жыл бұрын аудан көлемінде сөз қозғалып, жауапты орындарға айтылып келген. Бірақ шешімін таппай келді. Міне биылғы жылы осы күрделі мәселе шешімін тауып, жүзеге асты. Ол біріншіден, темір жол станциясының маңындағы бұрынғы 25 жылдан бері істен шығып, көміліп қалған ескі, ұзындығы 700 метр болатын орталық кәріз жүйесін, 20 кәріз құдығын жер астынан қазып, іздеп тауып, қайтадан қалпына келтіріп, оған шағын аудандағы тұрғын үйлер мен объектілерді қосу үшін 420 метр орталық жүйе, 9 кәріз құдығы, 400 метр аулалық жүйені жаңадан салып, іске қосу арқылы жүзеге асты.

Әрине тек қағаздағы жазғандай шап-шағын, оп-оңай жұмыс болған жоқ, жұмыс барысында бірқатар техникалық, ұйымдастырушылық, басқа да көптеген кедергілер кездесті. Мәселен орталық автомобиль тасжолын қол күшімен (техниканың бара алмауынан) қазып, тесіп өтуге тура келді. Осындай жағдайда, іс басындағыларға табандылықпен, ынталылық, қабылеттілікпен, көп күш-қуат жұмсауға тура келді. Міне, тек қана осының арқасында бұл іс сәтті аяқталды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Сондықтан осы істің басы-қасында болған аудан басшысы Ж.Қарағаевтың тікелей басшылығымен жұмысты жүзеге асыруда «Атырау су арнасының» аудандағы өкілі Қ.Төлеуовке, табандылық көрсеткен қызметкерлерге көмек қолын созған азаматтарға ризашылығымызды білдіріп, тұрғындар атынан шын ықыласымды білдіремін. Осы игілікті істің тұсында тұрғындар да қарап қалмай, «Атырау су арнасының» қызметкерлерімен біріге бір кісідей болып күш біріктіріп, асқан ыждағаттылықпен жұмыстың аяқталуына өз үлестерін қосты, -дейді.

Сондай-ақ, бірнеше жылдардан бері халық көп шоғырланатын теміржол вокзалында да осы мәселе шешімін таппаған болатын. Теміржол вокзалы 2004 жылы күрделі жөндеуден өтсе де, орталық кәріз су жүйесіне қосылмаған. Осы мәселе биыл ғана шешімін тауып, вокзалдағы әжетханалар іске қосылып, жолаушылар үшін пайдалануға берілді. Дәл осындай мәселе «Балбөбек» бөбекжай-балабақшаcына да қатысты болатын. Аталмыш балабақша да қазір орталық кәріз жүйесіне қосылды.

Қорыта айтқанда, осы ізгілікті іс ауданымыздағы, Елбасының жолдауында, халықтық тұрмысының сапасын жақсарту туралы тапсырмасын жүзеге асырудағы кішкене үлестің бірі деп білеміз. Жалпы ерліктің үлкен, кішісі болмайды, олай болса бұл игілікті істі кішкене болса да, үлкен ерліктің үлгісі деп білеміз.

А.ТАУМҰРЫНОВА.