Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Марапатқа толы мереке

Тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты шара ауданымызда да ерекше әсерге толы болды.

Аудандық мәдениет үйіне жиналған ардагерлер, мемлекеттік мекеме, өндіріс, кәсіпорын қызметкерлері мен аудан жастары мерекелік көңіл-күймен сахнаға көз тікті. Еліміздің Әнұранына құрмет көрсеткен шараға қатысушылар қазақ тарихының басталуы мен азаттығы жолындағы күресі туралы бейнероликке зейін қойды. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен келген азаттығымыз бен тәуелсіздігімізге деген құрметті сезініп, рухтанған халықты аудан әкімі Жұмабай Қарағаев құттықтап, тұрақтылығы мен татулығы тоғысқан берекелі еліміздің кемел келешегіне сәттілік тіледі.

Мерекелік шарада елжандылықты жадына түйген азаматтар тілегі де тәуелсіздігіміздің мәңгілігін тілеумен тоғысты. Салтанатты шара барысында елдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктеріне үлес қосып жүрген бір топ азаматтар «Астананың 20 жылдығы» мерекелік медалімен және облыс, аудан әкімі атынан «Алғыс хаттармен» марапатталды.

Еңсесі биік ел азаматтарының қайсар рухының жемісі мәртебелі мерекенің мерейін тасытып, ұлт болашағына ұлағатты із қалдырар салтанатты жиында аудан көркемөнерпаздары ұжымының күшімен патриоттық тақырыптағы сазды бағдарламаға жалғасты.

Л.НҰРБАЕВА.