Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Әділбек өсірген ағаштың саясында жастар думан құрады

Ұлттық патриотизм туған өлкеге деген сүйіспеншіліктен басталады.

Тұңғыш Президент күніне орай Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында аудандық мәслихат депутаты Әділбек Идиятов Доссор кенті әкімдігімен бірлесе «Жастар саябағы» демалыс орынын тұрғындар игілігіне берді.

Кент жастарының бірге ой құрап, бой түзетер ортасына айналар саябақ кент тұрғындарын қуанышқа бөледі. Осылайша, Әділбек Мақсотұлы кенттің көгалдандыру жұмысына белсенді араласып ғана қоймай, елге жасаған жақсылығы, ұлт руханиятына сіңірген еңбегі еселеніп отыр.

Кенттің М.Өтемісұлы атындағы көшесінде орналасқан саябақтың ашылу салтанатына ардагерлер, ауыл тұрғындары, жастар көптеп жиналды. Аудан жастары мен тұрғындарына арналған саябақтың лентасын аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев пен осы саябақты салған Әділбек Идиятов қиды. Кейін, жалауларын желбіреткен шара қатысушылары саябақ ішінде серуендеп көрді.

Саябаққа жарықшамдар қондырылып, көпшілік демалатын орындықтар орнатылған. Ауласына жас шыбықтар егіліп, өрнектастармен өрілген. Алдағы уақытта аталмыш саябақ жасыл желекке айналып, жастардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА,

Суреттер автордікі.