Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Тағылымға толы кездесу

Доссордағы мәдениет үйінде ұрпақтар сабақтастығын арттыру, ұлттық өнеге, салт дәстүр, адами құндылықтарды дәріптеу мақсатында тағылымы мол кеш өтті.

Кештің қонағы Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф қаламгер, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күре тамыр» кітаптарының авторы Зейнеп Ахметова. Атырау облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен, «Жас қоғам» жастар бастамаларын дамыту қорының ұйымдастыруымен өткен «Ата аманаты» атты кездесу кешіне Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас директоры, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Роллан Қабылұлы, аудан әкімі Жұмабай Қарағаев, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Фариза Ахметова, Мақат және Жылыой ауданының жұртшылығы қатысты.

Ел анасымен жүздесуге келгендердің басым көпшілігі ардагерлер, ұстаздар және жастар болды. Кеш қонағын жиналған көпшілік қошеметке бөлеп қарсы алды. Шараны жоғары санатты ұстаз Марияш Сатимова жүргізді.

-Мен, Атырау өңіріне 1994 жылдан бері аяқ басып тұрмын. Шақырту алғаннан кейін тек қала жұртшылығымен емес, ауыл аймақтағы халықпен де жүздескім келді. Тілегімді қабыл алғаннан кейін міне, сіздермен де көрісудің сәті түсті, - деп сөзін бастады Зейнеп апа.

Көпшілікке берері көп, тағылымы мол басқосуда ел анасы ұлт пен ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғады. Ұлттық құндылықтар, салт пен сана, дін, латын әліпбиіне көшу, мектеп бағдарламалары туралы да баса айтты. Қазақ келінінің бойындағы ұлы қасиеттің сақталуы жайында оралымды ойларымен, тәжірибелерімен бөлісті. Зейнеп Ахметованың айтуынша, білгенді айта жүру, үйрете жүру - ол үлкендердің басты міндеті. Сондай-ақ, келелі кездесуде қыз тәрбиесін, телеарналардағы керексіз бағдарламаларды, қазақы салт-дәстүрлерімізді тарқата әңгімеледі. Қазіргі қазақ қоғамын батыстық үлгіден арылтып, қазақи құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Мұнан өзге батыр Бауыржан Момышұлы туралы толғаныстарын айта келіп, естеліктерімен бөлісіп, ата-ананы ардақтау жайын сөз етті.

Осы орайда жұртшылық батыр Бауыржан Момышұлының көзін көріп, тәлімін алған келініне сауалдарын ауызша және жазбаша түрде жолдады. Әсіресе, «Кез келген әйел ене бола алады. Ана бола білу керек» деген сөздің мағынасын ашып, «Мұсылман болу үшін, араб болудың қажеті жоқ» деп тақырыптағы сұхбатына тереңірек тоқталды. Саналы тәрбие, сапалы білім туралы ойын үштұғырлы тіл туралы, бастауыш сыныптан бастап үш тілде оқыту мәселесімен ұштастырды.

Шара соңында аудан әкімі Жұмабай Қарағаев қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы өскелең ұрпаққа ұлықтап, көркем түрде жеткізіп келе жатқан Зейнеп Ахметоваға аудан жұртшылығы атынан алғысын білдірді. Құрметті қонаққа қазақы дәстүр бойынша құрмет көрсетіп, зерлі камзол жауып, ықылас гүлін сыйлады. «Қазақ келінінің символына» айналған Зейнеп апайдың ғибратты әңгімесін тыңдаған көпшілік үлкен әсермен тарқасты. Қазақ дәстүрлерін насихаттаушы Зейнеп Ахметовмен жүздесу Махамбет және Исатай аудандарында жалғасатын болады.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.