Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Татьяна тамылжыта ән салды

Аптаның алғашқы күні аудандық мәдениет үйінде ауыл тұрғындары ән тыңдап, ерекше көңіл-күйге бөленді.

Бұл жолы аудан сахнасында ән салған кезінде үш Татьяна болып сахнаға шығып, көрерменнің көзайымына айналған үштіктің бірі –Татьяна Бурмистроваға халықтың қошеметі зор болды. Ұлты басқа болса да, дархан қазақ жерінде кіндік қаны тамып, бала кезінен ұлттық аспабымыз – домбыраны қолына алып, қазақша ән салған дарынды жан қазақ тілінің қадір-қасиетін жан-тәнімен сезіне, шебер сөз саптауы қазақ жұртшылығын тәнті етті.

Ауылдық жерде туып өскен Татьянаның ауыл тәрбиесіне қанық болмысы, соның ішінде қазақы дәстүрді жадына түйген еңбекқорлығы сахнада айтқан әңгімесінен көрерменін еліте білген қазақ тілінде көсіле әңгіме сабақтауы концертіне көрік беріп тұрды.

Дәстүрлі әнші «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды екшеп, тәрбиелік мәні зор әсерлі әңгіме желісімен өзінің репертуарынан қазақтың жыр-термелерімен қоса, Кенен Әзірбаевтың «Келінжан», Қадір Мырзалиевтің «Қазақ осы» шығармаларын тамылжыта орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Риза болған көрермендер гүл шоқтарын ұсынып, әншіге шабыт беріп отырды. Кеш соңында көрермен ризашылығын жеткізген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Ерғалиев аудан басшысының атынан сый-сияпатын табыстады.

Л.НҰРБАЕВА.