Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Бар жылу аналардан таралады

Доссор кенті әкімдігінде Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда білім беру ұйымдарының ата-аналарға консультациялық кеңесінің жұмыстары және оқушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектер туралы мәселе қаралды.

Жиынға Аналар кеңесінің төрайымы Тамара Оразбаева, бас маман Мираш Нұрғалиева және кенттегі білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. А.Құнанбаев атындағы орта мектебі Аналар кеңесінің төрайымы С. Шалауова аталмыш мектептің 2017-2018 оқу жылындағы кеңестің атқарған жұмысы жөнінде баяндады.

Мектепте 175 ана, 212 қыз бала бар. Сондай-ақ, «Қызғалдақ» қыздар ұйымы жұмыс істейді. «Менің отбасым-менің қуанышым» тақырыбымен аналар слеті, зейнеткер және көп балалы аналармен кездесу кеші, гинеколог мамандармен кездесу ұйымдастырылғанын атап өткен кеңес басшысы жомарт жандар туралы деректерді де келтірді. Мысалы, қайырымдылық шараға қатысқан кәсіпкер Г.Қалиева мен Г.Қондыбаева мұқтаж оқушыларға көмек көрсетуден қалыс қалған қалған емес.

О.Сарғұнанов орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Ермекқалиқызы мектептің әлеуметтік педагогінің 2017-2018 оқу жылына жүргізген жұмыстарының сараптамасын баян етті. Мектепте 312 отбасының 494 баласы оқиды. Оның ішінде аз қамтылған 67 оқушы және 5 мүгедек оқушы бар. Мектептегі «қиын» балалардың ата-аналары үшін «Әке-ер, ана-жігер, бір үйде екі кемеңгер» атты тренинг, «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыбында конференция, отбасы апталығында «Отбасы-тірегім» атты сайыс ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін артуға шақырды. Жоғары сынып оқушыларымен құқық бұзушылықтың және суицид, діни экстремизмнің алдын алу мақсатында түрлі іс шаралар тиісті деңгейде өткізілген.

С.Шарипов мектеп-интернатының психологі З.Халидулина мектеп оқушыларының ата-аналармен жүргізілген жұмыстар және көрсетілген көмектер туралы баяндамасын көпшілікке ұсынды. Мектепте 295 отбасының 506 баласы білім алуда. Ата-аналарға консультациялық кеңестер, психологиялық қолдау көрсету бағытында «21-ғасырдағы Қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» атты ата-аналар конференциясы, «Үлкенге-құрмет, кішіге-ізет» қамқорлық акциялары, ашық әңгіме, сыр-сұхбаттар өткізілген. Алдағы қысқы демалыс уақытында Ресей Федерациясы, Железноводск қаласында орналасқан «Қазақстан геологі» емдеу пансионатына тынығуға 8 оқушы, жаңа жыл мерекесін қарсы алуға Президенттік шыршаға 1 оқушыға және аудан әкімінің жаңа жылдық шыршасына 11 оқушыға жолдама беріліп отыр.

Кезекті Б.Қанатбаев орта мектебінің әлеуметтік педагогі Қ.Бекмағамбетова жалғап, ата-аналарға әлеуметтік көмек көрсету туралы дайындаған баяндамасын оқыды. Жалпы мектепте 1250 оқушы білім алса, оның ішінде аз қамтылған – 51, көп балалы – 47, үйден оқитын – 8 оқушы бар. Мектепте «Отбасы-бақыт мекені» тақырыбында семинар-тренинг, «Бақытты отбасы-бақытты ел!» тақырыбында шығарма байқауы, ата-аналармен «Ынтымақты отбасы» тақырыбында тренинг, «Үлгілі отбасы» сайысы, «Біз-тату отбасымыз!» ұранымен спорттық ойын, «Отбасынан қымбат не болуы мүмкін» тақырыбында шаралар ұйымдастырылған.

Жиын барысында ұстаздар әсіресе жас аналардың вахталық әдіспен жұмысқа тұрмауы туралы пікірлерін ортаға салды. Бала тәрбиесі мен білімін бірінші орынға қойып, отбасының шырағы танылуға тиісті әйелдердің айлап, үй көрмей, қаражат табу жолында жүргендігін алға тартты. Сондай-ақ, осы бағыттағы ата-аналармен тығыз байланыстағы жұмыстар болашақтың еншісінде басты міндетіміз болып қала бермек деп ұстаздар шараны қортындылады. Перзент – ата-анаға берілген аманат әрі үлкен жауапкершілік. Оның тәрбиесіне салғырт қарау орны толмас өкініштерге апарып соғады. Халқымызда «Бір жылыңды ойласаң, күріш ек, он жылыңды ойласаң, ағаш ек, жүз жылыңды ойласаң, ұрпақ тәрбиеле» деген даналық сөз бар. Сондықтан, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған жөн.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.