Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Отанын сүйген оралман

Тәуелсіз еліміздің ұстанымы ұлтымыздың қадір-қасиетін бағалап, «Мәңгілік ел» идеясын санасына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу арқылы мемлекетіміздің тұғырын нықтау.

Бұл әрбір «қазақ» деп соққан жүректерден орын алған елжанды азаматтардың ұлт болашағына жанашыр көзқарасынан пайда болып, елдігімізді сақтаудың айқын көрінісі болмақ. Мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларында шетте жүрген қандастарымыздың атамекенге оралуын қамтамасыз етіп, оларды құшақ жая қарсы алуы ұлтымыздың болмысын жоғалтпау, елдігімізді таныту. Тіпті, шет мемлекеттерде өмір сүріп жатырған қазақ диаспорасының жағдайымен де санасып, олардың ұлттық кодын сақтау мақсатында да біздің мемлекетіміз қолдау шараларын заң шеңберінде жүзеге асырып келеді.

Ұлттың біртұтастығы, табиғатынан дархан жүректі қазақтың қамқор, кеңпейіл мінез-болмысының тілі мен діні, ділі мықты, халқымыздың рухы қашанда биік тұратынына сенім зор. Мұның дәлелін тарихты қопармай-ақ, ел ішінде жүрген оралман-қандастарымыздың санасында қалыптасқан ой-пікірден анық аңғаруға болады. Күз айында Алматы қаласына іс-сапарлап барған кезде көшедегі қарапайым такси жүргізушісі – Ғани есімді азаматпен әңгімелесудің сәті түсті. Сөйтсек, ол Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысының Бостандық ауданынан Алматы қаласына көшіп келген екен. Діттеген жерімізге жеткенше ақтарыла әңгіме тиегін ағытқан жігіттің туған жері өзге мемлекет болғанымен, ата-бабасының кіндік қаны тамған атамекеніне, өз ұлтының ортасында ұрпағын өсіруді мақсат етіп келгенін жасырмады.

- Бабаларымыздың басынан не өтпеді, құдайға шүкір ата-бабамыздың тарихи мекеніне оралатын күн де туып, егемендік алған Қазақстанымызды сүю – ұрпақтың парызы санаймын. «Ер туған жеріне, ит тойған жеріне» - демей ме, әрине, Өзбекстан жеріндегі менің отбасымда күнкөрісіміз жаман болған жоқ. Дегенмен, бұл жақта такси жүргізушісі болсам да, балаларымды өз Отанына әкеліп, ұлтын сезінсін деген оймен көшіп келдім. Ертеңгі күні ұлттан жырақ оларды қайда тастап кетпекпін? Кезінде алмағайып заман ата-бабаларымыздың жер аударылуына себеп болған болар. Алайда, олар елден жырақ кетуді аңсамағаны, бүгінгі ұрпағымыздың жат жерде қалмағанын тілегені сөзсіз. Сондықтан аталар аманатын орындап, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан болу» біздің ұлтымызға тән қасиет сынды деп, сөзін жалғады.

Балалары осы қалада оқып, білім алып, өз ұлтының менталитетіне бейімделгеніне, атамекеннің киесі мен қасиетін ұғынып, қазақ тілінде сөйлеп жүргеніне қуанған Ғанидың ісі – ұлтқа деген жанашырлықтың белгісін танытты. Көпұлтты мемлекетіміздің ұстанымы – татулық, ынтымақты ел мәденеитін қалыптастыру болса, тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде халқымыз ешкімді жатсынбай, бір тудың астында бірлігі мен берекесін жарастырып өмір сүруде. Біздің мемлекетімздегі қонақжайлылық, ешкімге қабақ шытпайтын қазақы болмысымыздың мәңгілік ұрпақ жадында қалуы –қанмен берілген қасиет. Сондықтан ұрпақ сабақтастығында ұлтқа деген сүйіспеншілік, елге, жерге деген құрмет арта түспек.

Менің журналист екенімнен бейхабар, жолды қысқарта сөзге қонақ берген қандас бауырымыздың әңгімесінен патриоттық рухы биік, елжанды азаматтың болмысын танып, қатты риза болдым. Міне, әр қазақтың жүрегінде ұлттық кодымыз осылайша қалыптасқан болса, әрине, еліміздің болашағы зор.

Л.НҰРБАЕВА.