Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Сенімді сарбаз мектепте қалыптасады

Ауданда қандай да болмасын, әскери сайыстардың жүлдесін О.Сарғұнанов орта мектебінің оқушылары иеленіп келеді.

Елімізде 1995 жылдан бері алғашқы әскери дайындық пәні жүргізіліп келеді. Жоғарыда айтып өткендей, О.Сарғұнанов орта мектебінің оқушылары аталмыш пән бойынша үздіктер қатарында. Бұл пән мұғалімі Ерлан Әліпұлының еңбегі екені сөзсіз. Мектептегі аталмыш пәннің өту барысы туралы Ерлан Әліпұлымен тілдескен болатынбыз. Ұстаздың айтуы бойынша, ең алдымен оқушылардың АӘД сабағына біркелкі киім үлгісімен қатысуы қадағаланады. Сонда сабақ әскери тұрғыдан жақсы деңгейде ұйымдастырылып, оқушыларға ұйымшылдық пен тәртіптілікті қалыптастыруға оң ықпал етеді. Жоспарға сай бекітілгендей (саптық дайындық, тактикалық дайындық, азаматтық қорғаныс, атыс дайындығы, медициналық көмек) бес бағыт бойынша өткізіледі. Сабақтың мұндай түрлерінде саптық адымдар, атыс қаруын игеру, азаматтық қорғанысы бойынша дағды мен біліктілікті нығайта түсу іске асырылады. Сондай-ақ, сыныптан бөлек оқушыларды іс жүзінде әскери өмірге дайындауда далалық оқу-жиын сабағының әсері мол. Бұл далалық оқу-жиындары мен оқу-үйрену үдерістері әскери жарғылардың талаптарына сәйкес әскери өмірге жақындастырылып, ұйымдастырылады.

АӘД сабағын тек әскери сыныпта ғана емес, сонымен бірге атыс қаруын зерттейтін атыс тирінде, саптық тәсілдерді қайталайтын саптық алаңда, азаматтық қорғаныс бөлмелерінде де өткізу қажет. Сондай-ақ, оқушыларды сарбаздардың әскери өмірімен таныстыру мақсатында әскери бөлімге экскурсиялар ұйымдастырылады. Соғыс ардагерлерімен кездесу кеші өткізіліп, дәстүр бойынша жылды слет өткізіп қортындылайды. Мектепте сондай-ақ, «Тұлпар» әскери-патриоттық клубы жұмыс жасайды. Клубтың 2008 жылы негізі қаланып, биыл он жылдығын атаған болатын. Осы уақыт аралығында клубтың мүшелері әртүрлі әскери сайыстарда жүлделі орындарды еншілеп, қарсыластарынан баса озып келеді.

Патриоттық клубқа 6 мен 9-сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Оған жыл сайын таңдау жасалып тұрады. Алғашқыда оқушылар топ-топ болып келгенімен, кейін іріктеліп, нағыз әскери мінезділер қалады екен. Соның ішінде әр баланың өз икемі бар бағыты бойынша дайындайды. Дайындық алдымен жеке-жеке саптық адыммен қозғалыс, бір орнындағы және қозғалыстағы бұрылыстар бойынша жүреді. Саптық дайындықта аяқты нық басу, денені тік ұстау тәсілдері, сол секілді, биіктікке секіру, тирде мылтық ату секілді жаттығу түрлерін жалықпай үйренеді. Кейін топ болып бірігіп, бір саптық жүріске ілесе бастайды. Әскери антты жаттайды. Міндетті түрде топты бастайтын командир болуы шарт. Оқушылардың ішіндегі пысығы сайлана береді. Ол кезде қыз немесе ұл болып бөлінбейді. Кейінгі сабақтар автоматты бұзып, кері жинауды үйретуге жалғасады. Алғашқыда оқушылар оны тез шашып-жинауда шорқақтық танытса, қолдары үйренгеннен кейін, бір-бірінен оза шабуға тырысады. «Оқушыларға ұрсу дегенді білмеймін, керісінше, сол сабақтың маңызын түсіндіріп, ұрыспай, ұялтамын» - дейді Ерлан ағай.

Әр балаға жаттығулар дара-дара үйретіледі. Алғашқы уақытта Ерлан Әліпұлы өзі үйретсе, қазір ізбасарлары кішілерге үйретеді. Балалардың қызығушылығы осылайша үлкендерге қарап оянады. Сөйтіп, аз ғана уақытта олар бір-бірін осы өнерге жаттықтырып шығады. Кіші топ үлкендерден үлгі алып, мектеп бітірер тұста олардың орнын басып, осылайша бірін-бірі толықтырып отырады.Бұл мектеп оқушыларының бір-бірінің қарым- қатынасын жақсартуға жақсы. Ата-аналармен тікелей байланысып, қарым-қатынас жүріп тұрады. Осындай қатаң тәртіп пен талаптың арқасында оқушылар нағыз сарбаз болып шығады. Соның арқасында әскерге барған ұлдардан мектеп атына алғыс хаттар жіберіліп тұрады екен. Осылай ауылдың қаншама баласы әскерден абыроймен оралды десеңізші! Олардың марапаттары да аз емес. Атап айтсақ, ел Тәуелсіздігінің 20-жылдығына орай «Тәуелсіздік қыраны» атты аудандық әскери патриоттық клубтар сайысында І орын, «Отан Қорғаушысы – 2011» облыстық әсери-патриоттық және әскери-спорттық клубтар жиынының аясында өткізілген әскериленген кросс жарысында ІІІ орын, «Жастар таңдауы – Атырау» жастарды ҚР Қарулы күштер қатарына дайындау мақсатында өткізілген сайысқа қатысқаны үшін, Атырау облысы әскери патриоттық клубтарының әскери патриоттық тәрбиелік шаралар аясында өткізілген жарыста ІІ орын, «Жас мерген» Президенттік көпсайыстың бағдарламасы бойынша мектеп, лицей және колледж оқушылары арасында өткен аймақтық біріншілікте ІІІ орын, аудандық «Жас мерген-2015», «Алау-2017» және облыстық «Жас ұлан-2018», «Атамекен» өлкетану-туристік жорығында І орын иеленіп келеді. Сондай-ақ, әскери-патриоттық клубтың мүшелерінің ішінде болашағының есігін әсери маман ретінде ашып жатырғандар да бар. Мысалы, 2009 жылғы түлек Гумаров Қуандық Көкшетау қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы Кадет корпусын тәмамдаса, 2016 жылы мектеп түлегі Жардемова Айнагүл ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясының оқуға түсіп, қазіргі таңда ІІ курс студенті. Осындай оқушыларды дайындаған Ерлан Әліпұлының мұғалімдер арасында беделі де зор.

Кеудесіне “Бұл – менің елім, менің жерім” деп сенімді ұялата білген жас қана өз елінің шынайы патриоты бола білмек. Ол үшін “баланы -жастан” дейтін халық даналығын естен шығармасақ болғаны. Патриоттық, отансүйгіштік рухта тәрбиеленген жас ұрпақ еліміздің өсіп-өркендеуі үшін қызмет ететіні сөзсіз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА.

Сурет автордікі.