Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Өз құқығын білмеген парақорға "жем" болады

Сыбайлас жемқорлықпен күресу еліміздегі күрделі мәселелердің бірі болып отыр.

Үлкен әлеуметтік қасірет болып табылатын бұл кесел саяси даму тұрғысынан бір-біріне ұқсамайтын әлемдегі барлық елдердің қай-қайсысын да қатты алаңдататыны анық.

Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жатады. Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу сияқты басқа да қылмыстардың барлығы жемқорлық сыбайластық байланыстарды пайдалану арқылы жасалады.

Аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбымен жас мемлекеттік қызметкерлер арасында интеллектуалдық сайыс өткізілді. Сайысқа аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының "Әлеумет" тобы, Халыққа қызмет көрсету бөлімінің "Үкімет" тобы, Мақат кенті әкім аппаратының "Барыс" тобы қатысты.

Қатысушыларға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы С.Хамидуллина, аудан әкімдігі аппаратының персоналды басқару және кадр қызметі бөлімінің басшысы Г.Есенгалиева, жастар ресурстық орталығының маманы А.Жарылғасынова әділ бағаларын берді. Сайыс барысында сөз сөйлеген С.Хамидуллина:

- Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керек. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Әсіресе, жастардың осы тұрғыда сауатты болуы қажет. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін осындай шаралар өтіп тұрғаны дұрыс. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық қазақстандықтардың азаматтық борышы деп білу керек, — деді.

Интеллектуалды сайыс 6 кезеңнен, яғни «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» «Сөзбе-сөз аудару» кезеңдерінде қазақ және орыс тіліндегі біліктіліктері сарапқа салынса, 3-кезеңде логикалық, тарихи және заңдар жинағынан сұрақтар қойылды. «Суреттер сөйлейді», «хронология» кезеңінде тақтада ілінген суреттер мен сандарды сәйкестендірді. Сонымен бірге топ басшылары сайысып, ұжыммен жұмыс жасау ерекшелігін танытты. Сайыс нәтижесінде 3-орынды «Әлеумет» тобы иеленсе, 2-орынды «Барыс» тобы, 1-орынды «Үкімет» тобы иеленді. Әділ қазылардың шешімімен Д.Жолдасова мен Ә.Әбдіғалиева «Үздік ойыншы» атанды.

А.ТАУМҰРЫНОВА.

Суреттер автордікі.