Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Қолы қимылдағанға кедейлік жоқ

«Әлемнің әміршісі-еңбек». Қай қай адам баласы болмасын, қандай да бір жетістікке еткен еңбегінің арқасында жетеді.

Ең болмағанда, күнделікті жеуге-ас, киерге-киім де мінерге – көлікті де, осы еңбегінің арқасында алып, тұтынып жатады.

Яғни, адам баласының әлеуметтік жағдайы жақсы болуы үшін күні-түні еңбек етудің артықтығы жоқ. Ол қажетті де. Еңбек әрдайым алға жылжудың, дамудың басты алғышарты болып қала бермек. Бір сөзбен айтқанда, күнделікті жұмысыңмен айналысатын, бар ынта-жігеріңді жұмсайтын еңбек орның болғанға не жетсін?! Елбасының «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында еңбек адамның еңсесін көтеретіндігі жөнінде, әркімнің еңбек етуіне жағдай жасау мәселесі тиянақталып, Үкіметке осы міндетті орындау үшін тапсырмалар бергені де белгілі. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатымен бірнеше мемлекеттік бағдарламалар да өмірге келді. Сөйтіп, еңбек адамына қамқорлықтар күшейе бастады.

Десек те, қоғамда әлі өз орнын таба алмай, еңбек етуге құлқы болмай жүргендер жетерлік. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Оның алдыңғы қатарынан бойкүйездік, жалқаулық, масылдық атты жағымсыз қасиеттері орын алары сөзсіз. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейімділік өсіп кеткен жоқ па? Осы орайда, аудандық жұмыспен қамту орталығы берген мәлімет бойынша ауданда жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап отырғаны белгілі болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болатын. Қазір жүйелі істің нәтижесінде ауданда жұмыссыздық азайып келеді. Дегенмен, бүгінде жұмыссыз жүрген аудан тұрғындары, оның ішінде жастар жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейімделіп бара жатқандай. Себебі, көпшілік аз қимылдап, көп пайда тапқысы келеді. Ондай мүмкіндік болса, жақсы ғой. Алайда, «менің дипломым бар» деп кеше ғана оқу бітіріп келген жасқа бірден жұмыс қайдан табылсын. Оның үстіне, қазір сұранысқа сай мамандық алуға бейімделе қоймаған жастар көбейді. Ал оқу бітіріп келгенде бос жұмыс орны жоқ, қос-қостаған дипломын құшақтап жүргені. Соның орнына заман сұранысына орай мамандықтарды игерсе, біліктілігіне байланысты бос жүрмейтіні белгілі.

Бұл жөнінде аудандық халықты еңбекпен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлжанар Тілесқызымен тілдескен едік.

-Жұмысқа құлқы жоқ, біреудің еңбегімен жатып ішуге дағдыланған адамдар көбейіп бара жатқаны өкінішті. Біздің бөлімде күні бүгін 595 адам тіркеуде тұр. Жұмыс жоқ емес, бар. Соған ниетті адамдарды таба алмай қаламыз кейде. Мысалы, жақында ғана ашылған жеке кәсіпкерлік иелігіндегі нысанға жұмысқа тұруға бірнеше адамға ұсынсақ та, олар жұмысқа тұрудан бас тартты. Ал, ондағы айтар уәждері мемлекет меншігіндегі қызметке ғана тұру. Немесе кейбір курьерлік қызметке тұрған қыз-келіншектерге күніне бес үйді аралау тапсырылып, оны ертеңіне жедел аяқтау үшін 7-8-ге өсіріп жіберсе, жұмысты тастап, үйде отыруға бейіл. Міне, осындай адамдар көбейіп барады. Бұл – еңбек етуге енжарлық емей, немене! Сондай-ақ, бөлімге келушілердің ішінде түрлі жұмысшылық қызметке қызғушылар көп болғанымен, олар көп ретте сынақтардан, әңгімелесуден өтпей қалады. Сөйте тұра, білместіктеріне өзгені кінәлауға шебер. Қазір еңбек нарығы қызған шақ. Бәсекелестік орта барлық жерде қалыптасқан. Сондықтан, өзгеден біліктілік пен тәжірибең арқылы артпасаң, жұмысқа тұрудың өзі қиын.

Еңбек нарығында жұмысшы күші құрамынан шығушылар, жұмысшы күші құрамына кірушілер; жұмыс іздеуден бас тартқандар; жұмыс іздеуді бітіргендер; жұмыс тапқандар және т.б. қалыптасып, адамдардың бейімділігі қоғамдағы жұмысшы күшінің нарықтық динамикасын сипаттайды,-дейді бөлім басшысы. Жалпы, жұмыссыздар саны ресми дерекпен сәйкес болмауы әбден мүмкін. Өйткені дерек орталыққа жұмыс іздеп тіркелгендер есебімен жүргізіледі де, тіркелмеген адамдар тасада қала береді.

Жұмыс таңдау дұрыс, әрине. Бірақ, егер күнкөріс үшін алған білімің жеткіліксіз болса, неге қосымша білім алмасқа.Бұл ретте ауданымызда жоғары білімді жас мамандардың ішінде мүлдем басқа сала бойынша қосымша білім алып, өз кәсібін дөңгелентіп отырған кәсіпкерлер де жетерлік. Олардың бірі –мұғалім болса, бірі-дәрігер. Бірі-тау-кен инженері. Бірақ, қол қусырып қалмады. Кәсібін отбасы бизнесіне айналдырып, халықтың сұранысын қанағаттандырып-ақ отыр.

-Осы жылдың өзінде кәсіби білім алуға 126 адам жіберілді. Олардың ішінде 93 адам оқығандығын растайтын құжат алды. Бірақ, бәрі бірдей аспаз немесе тігінші болып кеткен жоқ. Тағы да сол кәсіпті оқыту, үйретуден «рет бойынша» өтіп келіп, енді не ине сабақтай алмай, не өзгенің тігін цехына қызметке тұра алмай жүр. Өзіне берілген тапсырманы дөңгелентіп алып кететін адам­дардың саны аз деуге болады. Соған қарап отырып, жұмыссыздық мәселесі тек жаңа жұмыс орындарының ашылуымен шешіле қой­майтынын аңғаруға болады. Қайта сол жұмыс іздеуші азаматтардың сауаттылығы мен жауап­кершілігін арттыру үшін не істеуге болады? Соны ойлану керек сияқты. Әйтпесе, білікті маманға кез келген жерде орын бар,-дейді орталық басшысы Жасұлан Есенғужин.

Оған мысал, таяуда ғана елімізде өткен «Өндірістің үздік жас маманы» байқауында жеңімпаз атанған 1995 жылы дүниеге келген Айбек Тұрсынбекұлы деген азамат. Ол 2013-2017 жылдары Атырау мұнай және газ университетінің «Дуальді оқыту» бағдарламасы бойынша «Мұнай - газ ісі» мамандығын тамамдап, бакалавр дипломын алған. 2018 жылы «Атырау мұнай-газ» университетіне магистратура бөліміне оқуға түсіп, «магистр» атағын алды. 2017 жылдың тамыз айынан «Доссормұнайгаз» МГӨБ-ның 3 дәрежелі мұнай және газ өндіру операторы болып жұмысқа қабылданды. Өндіріс орнында өтетін барлық қоғамдық және спорттық шараларға белсене қатысып жүрген жас маман енді республика бойынша «Өндірістегі үздік жас жұмыскер» атанып отыр.

Енжарлық жайлаған адамның жолы болуы да қиын. Өйткені, шешім қабылдаудың өзіне қиналатын жалқау «жұмыс жоқ» деген уәжден өзгені таппайды да. Қарапайым ғана мысал, аудан орталығындағы кейбір сауда дүкендері «жұмысшы қажет» деген хабарландыруды бірнеше айлар бойы іліп қоятынын көріп жүрміз. Оны да сұрастырып көргенде, жұмыс іздеп келгендер таңдауды көп жасайды. Зат әкелу, түсіру секілді жұмыстарды істегісі де келмейді. Бүгінде сондай-ақ мал бағуға малшы отбасы керек деген хабарландыру көп. Айлық жалақысы 60 мыңнан 100 мыңға дейін. Соның өзіне адам табу қиынның қиыны. Алысқа бармай-ақ, кент тұрғындарының малын бағу немесе жеке қожалықтың малын бағуға сұраныс бар. Бірақ бірде-бір адам оған шыққысы келмейді.

Түйін: Жалпы, жұмыссыздық мәселесі түбегейлі шешімін таппай келеді. Қоғам бар жерде жұ­мыссыздық та орын алып отыр. Бірақ, дәл қазір құр босқа жатар кез емес. Бәсеке орнаған кезеңде талпынып, еңбек етпеген, жүгіріп жұмыс іздемеген жанның ішсе тамаққа, кисе киімге жарымайтыны - өмір шындығы. Оған қоса, сұранысы жоғары мамандықты игеріп, заманауи технология тілін біліп жұмыс жасамаған да алысқа бармайды. Ал дипломға сәйкес жұмыс табылмаса, қол еңбегін жұмсап, еңбек ете берген дұрыс. Қай жұмыстан да қашпай, ынтамен, ерінбей еңбек еткен ғана озбақ.

Г.САЛИКОВА.