Мақат кенті, С.Мұқашев көшесі, 36. +7 (71239) 3-07-66 makat70@mail.ru

Газет тарихы

«Қара алтынды» байлығымен елге мәшһүр Мақат ауданының ақпарат айдынына ақшаңқан желкенін керген «Мақат тынысы» газетінің тұңғыш нөмірі 2001 жылдың 22 маусымында жарық көрді. Аудандық қоғамдық-саяси газеті мәртебесіне ие бұл басылым сол жылдың аяғына дейін айына екі рет, 2003 жылдан бастап төрт рет шығарыла бастады.

Балаң басылымның темірқанат талпынысты күндері қаз тұрып, қатарға қосылу тарихы қиындыққа да, қызыққа да толы. Аудан айнасына айналған газеттің редакторлығын филолог маман Гүлзада Есмырзақызы Саликова атқарып келеді. Сол жылы ауданға танымал журналист Жәнібек Есқабылұлы Аманғали, газетке жауапты хатшы лауазымында іске араласты.

Газеттің Доссордағы тілшісі қызметін Жолмағамбетов Серік сынды фототілші, Қазақстан Жазушылары және Журналистері одағының мүшесі, ақын Амангелді Жылқышиев келіп, творчестволық құрамды байыта түсті. Облыс әкімінің 2001 жылдың 28 желтоқсанындағы 358-інші нөмірлі «Аудандық газеттерді «Атырау-Ақпарат» коммуналдық кәсіпорнының еншілес мемлекеттік кәсіпорындарына қайта ұйымдастыру туралы» шешіміне орай, «Мақат тынысы» 2002 жылғы наурыздан бастап аталмыш кәсіпорынның еншілес кәсіпорны мәртебесімен жұмыс істеуге көшті.

Жаңа құрылым жағдайында редакцияның материалдық-техникалық қуаты артты. Редакция мекемелік жиһаздармен, толықтай компьютермен, көлікпен қамтамасыз етілді. Осы замандық озық байланыс жүйесі іске қосылды. Қазір «Мақат тынысы» уақыт пен заманның талабына, үрдісіне сай творчестволық құрамда қызмет етуде. Газет - «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының баспа және бұқаралық құралдары арасында өткізген республикалық конкурсының 1 дәрежелі диплом иегері. Газеттің бас редакторы Гүлзада Саликова Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР байланыс және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасын, облыстық «Таңдаулы ауыл журналисі» атағын, Облыстық журналистер Одағы филиалының Құрмет грамотасын иеленді. Газет басшысы алтыншы шақырылған аудандық мәслихаттың депутаты.

Газет тарихында журналист, ақындар Арал Байжігітов, Асантемір Қаршығаұлы, Нұрбейбіт Нұғымановтардың өзіндік ізі қалды. Бүгінде бас редактордың орынбасары -жауапты хатшы міндетін Лена Мыңбайқызы Нұрбаева атқарып келеді. Лена Нұрбаева Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Одақтың Атырау филиалының, ішкі саясат басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Мақат ауданы бойынша 2011 жылы «Жыл үздігі» танылса, «Атырау-Ақпарат» серіктестігінің 2016 жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік сыншы журналисі» атанды. Л.Нұрбаева бірнеше облыстық байқаулардың жеңімпазы. Редакция мамандары Жаннагүл Құлыншақова, Гүлжанар Жансұлтан, Жанат Мырзағалиева әр жылдары Атырау филиалының, ішкі саясат басқармасының дипломдарымен, Құрмет грамоталарымен, серіктестік басшысының, аудан әкімінің алғыс хаттарын иеленіп келеді. Кейіннен редакция құрамын толықтырған Алмагүл Таумұрынова, Мөлдір Ізтұрғанова, Гүләлия Игілікова алдыңғы буынның шығармашылық еңбегін табысты жалғастырып келеді.

«Мақат тынысы» Бүгінде республикаға мәлім «Атырау- Ақпарат» медиа холдингтің құрамдас бөлшегі қатарында оқырмандарына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Оқырманның сенімді серігі танылуға әрқашанда бейілді «Мақат тынысы» ұжымының болашаққа сенімі зор.